Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды.
Ордабасы ауданында 12 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгін ордабасылық 12 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға арналған бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осылайша тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтар баспаналы болып жатыр. Бүгін ғана кіріп жатқан шаңырақтарыңыз береке мен ырысқа толсын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жаңа баспаналар заманауи стильде салынып, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды.