Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 млрд теңгені құрайды.
Түркістан облысында бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналды. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, индустриялық инфрақұрылымды жетілдіру және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету нәтижесінде бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.
Осындай маңызды жобалардың бірі жақында Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде іске қосылмақ. Қытайлық Huating Biotechnology компаниясы аудан аумағында ірі қара мал сүйегін терең өңдейтін зауыт құрылысын қолға алған. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген. Зауытта негізінен үш бағыт бойынша өнім шығару жоспарланған. Атап айтқанда, мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон, авиаотын өндірісінде қолданылатын май және фарфор өндірісіне арналған көмір дайындалады. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына қажетті жем өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна сүйек өңдеуге қауқарлы.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өндіріс өңірдегі шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, қалдықсыз өндіріс технологиясын дамытуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.
Huating Biotechnology компаниясының басшылығы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау жобаның жедел іске асуына оң әсер еткенін жеткізді.
Айта кетейік, аталған жоба облыста жүзеге асырылып жатқан импортты алмастыруға бағытталған өндірістердің бірі. Жалпы Түркістан облысында жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге басымдық беріліп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.


