ТҮРКІСТАН: Ордабасыда Қажымұқан рухы ұлықталған дүбірлі дода өз мәресіне жетті

0
66

200-ге жуық балуан қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда Қажымұқан рухы ұлықталған дүбірлі дода өз мәресіне жетті

Қазақ халқының даңқты перзенті, алып күш иесі, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай Ордабасы ауданында ересектер арасында қазақ күресінен республикалық турнир жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үш күнге созылған байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық балуан қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Темірлан спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмбеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, спорт ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты.

Жарыста Қажымұқан музейінен әкелінген тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға балуанның өмір жолы мен спорттық жетістіктерінен сыр шертетін құнды дүниелер таныстырылды. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы мәдени бағдарлама ұсынылып, балуандардың салтанатты шеруі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан Мұңайтпасұлының өнегелі өмір жолы мен қайсар рухы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан көлемінде спорт саласын дамытуға, жастарды бұқаралық спортқа тартуға және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді.

Жарыс барысында балуандар жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, жанкүйерлер тартысқа толы белдесулердің куәсі болды. Әр салмақтағы мықтылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша 55 келіде Мұзарап Мереке, 60 келіде Төлепов Бекжан, 66 келіде Оспан Дауылбай, 74 келіде Балтабай Ералхан, 82 келіде Кәрім Асылжан, 90 келіде Тұрсынбек Ақылжан, 100 келіде Жаманқараев Фарух және +100 келі салмақта Әбдімәлік Мейіржан чемпион атанды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған республикалық турнир ұлттық спорттың мәртебесін арттырып, қазақ күресінің дамуына серпін берген тағылымды іс-шара ретінде есте қалды.

Бөлісу