38 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 600-ден астам абонетке газ жеткізілді.
Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылына табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекеніне газ құбырын жүргізу құрылысы аяқталып, іске қосылды. 2021 жылы басталған жоба биыл желтоқсан айында аяқталып, жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 600-ден астам абонетке газ жеткізілді.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы келіп, шұбарлықтарды құттықтады.
– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарымызға да қаладағыдай жағдай жасалуда. Енді тұрғындар көмір жағу машақатынан құтылып, таза, табиғи газ тұтынады. Осы орайда баршаңызды газ құрылысының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудан басшысы, ауыл ақсақалдары, халық қалаулылары» көгілдір отынның» алауын жағып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Айта кетейік, аудан бойынша 57 елді мекеннің табиғи газбен қамту деңгейі – 61,4 %. Жалпы 35 елді мекен қамтылды. Сонымен қатар Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылуда.