100-ден астам азамат өздерін алаңдатқан мәселелеріне жауап іздеп келді.
«AMANAT» партиясының өкілдері Ордабасы аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына «AMANAT» партиясының Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері арнайы келіп, Ордабасы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Оған партияның Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев пен Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев қатысты.
Әуелі олар Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс ауылдық округіне, кейін Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіне барды. Екі ауылдық округтегі қабылдауларға жалпы саны 100-ден астам азамат өздерін алаңдатқан мәселелеріне жауап іздеп келді. Қабылдауларда тұрғындардың басым бөлігі жаңа мектептер мен спорт алаңшаларын салу, ішкі жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыл шаруашылығы, субсидия алу, ағын су, жайылым жер, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлауы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мәселен Жеңіс ауылдық округінің тұрғыны Әділбек Усманов шаруа қожалықтарына су жетіспеушілік ең өзекті проблема екенін айтты.
Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері бұған дейін 4 облыста болып, халықтың арыз-шағымына құлақ асқан болатын. Ал Түркістан облыстық филиалы мобильді қабылдауларын Қазығұрт, Созақ, Сарыағаш және Келес аудандарында өткізді. 20 ауылдық округ қамтылған қабылдауларға жалпы 786 азамат келіп, өз өтініштерін білдірді. Қабылдаулардың біразы ашық аспан астында ұйымдастырылып, ерекшеленді.
"Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі осы уақытқа дейін 120-ға жуық қабылдау өткізді. 1 айға жетпей өтініштердің 25%-ы оң шешімін тапты. Бүгін Ордабасы ауданы, Жеңіс ауылына келіп мобильді қоғамдық қабылдау өткіздік. Түркістан облысының басқарма басшылары, партияның депутаттық фракция мүшелері қатысып, азаматтарды қабылдады. Жеңіс ауылын сараптайтын болсақ, көп көтерілген мәселе суармалы егістік пен жайылым жер жайлы болды. Яғни екі қолға бір күрек табатын, жұмыс істейтін азаматтар бар. Ең бастысы су жеткізу мәселесі республикалық деңгейде шешілуі керек. Сұрақтар жинақталып, министрлікке хат жолданады. Әр мәселеге тиянақты жауап беруін қадағалаймыз", – дейді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Азамат Біржанов.
Партияның Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша өңірлік филиалдың қабылдау бөлмелеріне 2021 жылы 22 600-ден астам өтініш келіп түскен. Қарау нәтижелері бойынша оның 70%-ы оң шешілді. Ал биыл 3 айда 4400-ге жуық шағым қабылданып, оның 48,8%-ы оңтайлы шешімін тапқан.