ERNUR.KZ Наурызнаманың онкүндік шараларының екінші күні – Қайрымдылық күні аясында аудан әкімі Азат Оралбаев Шымкент қалалық Қарттар үйіне арнайы барып, қарияларды мерекемен құттықтап, еркін пікірлесті. Мұндағы қарттардың жағдайын біліп, амандық-саулығын сұрады.
Әкім қарияларға сый-сияпат жасап, емен-жарқын сұхбат құрды. Орайы келгенде жиірек жолығып, кесімді ойлар мен ұтымды ұсыныстарды тыңдауға қашанда әзір екенін айтты.
Ал осы орталықтың басшысы өзге өңірлерге қарағанда Ордабасы ауданының басшылары қарттарға көбірек көңіл бөліп, келіп тұратынын айтып, жылы лебізін білдірді.
Қарттар өздеріне көрсетілген қамқорлық үшін ризашылықтарын білдіріп, Наурыз мейрамымен құттықтап, баршаға береке мен бірлік тіледі.
Бұл іс-шара аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, қоғамдағы мейірімділік пен ізгілікті насихаттау мақсатында өткізілді.
Айта кетсек, бүгінде аталған орталықта ауданның 7 қарты қызмет алады.