Өңір басшысы 20-дан аса тұрғынды қабылдады.
Дархан Сатыбалды Ордабасыда тұрғындардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде қабылдаулар өткізіп келеді. Аудан, қала тұрғындары өңір басшысына көкейде жүрген мәселесі мен өтініштерін айтып, көбі оң шешімін тауып жатыр. Азаматтардың өтініші негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылуда.
Кезекті «Ашық есік» күні Ордабасы ауданында жалғасып, өңір басшысы 20-дан аса тұрғынды қабылдады. Жалпы жиынға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысты. Жеке қабылдауға жазылған азаматтар негізінен инфрақұрылым, жер қатынастары, әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда Аққойлы ауылына жайылым жер беруді сұраса, ауыл көшелеріне асфаль жүргізу мен ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етуді өтінді. Келесі азамат қайтарымсыз грант мәселесі бойынша сауал қойды. Бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, баласын мүгедектікке шығаруды сұраған ананың мәселесі тиісті мамандарға жолданды.
Темірлан елдімекенінің тұрғыны үйінің жанынан қазылған жердің салдарынан үйі апатты жағдайда тұрғанын, Шұбарсудан келген азамат ауылда халық санының көп болуына байланысты ХҚКО ашуды қажет ететінін жеткізді. Бүгінде ғимарат мәселесі шешілгенімен, штат мәселесі шешілмей тұр. Елшібек батыр ауылының тұрғындары жаңа мектеп ғимаратына зәру. Қалаш елдімекеніне баратын ұзындығы 9,6 шақырым жолға және Орда мөлтек ауданының ішкі көшелеріне асфальт төсеуді қажет етеді. Ал Мәдениет, Жұлдыз, Ақпан, Ынтымақ және Сарыарық ауылдарына табиғи газ қосу, сондай-ақ Көктөбе ауылына табиғи газ кіргізу мәселесі де көтерілді.
Білім саласына қатысты мектептердегі ҰБТ мәселесі мен «Жайлы мектеп» туралы да сұрақ қойылды. Сондай-ақ білім басқармасына қарасты мекемелерді, атап айтқанда балабақша, мектеп жиһазбен қамтамасыз етуді сұрады. Ақбұлақ ауылының тұрғыны Алпамыс батыр көшесіне жол салу мәселесін сұрады.
Жалпы облыста тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тұрақты бақылауға алынған. Жеке қабылдауға келген азаматтардың өтінішін мұқият тыңдаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына заң аясында оңтайлы шешуді тапсырды. Айта кетейік, дәл осындай ашық форматтағы өңір басшысының жеке қабылдауыы барлық аудан, қалада жалғасады.