ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

0
790

Өзге де ірі жобалар жүзеге асырылмақ.


ТҮРКІСТАН: Ө.Шөкеев жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Түркістан облысының әкімі құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда іргетасы қаланған «Қылует» рухани орталығының құрылысы қарқынды. Кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынып жатқан орталықтың сәулеті мен маңызы ерекше. Құрылыс барысын бақылап, жұмысшылармен кездескен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға тапсырмалар берді.


Облыстың руханиятына оң серпін беретін жоба кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынуда. Мешіттің құрылысына еліміз бен түркі әлеміне танымал кәсіпкерлер демеушілік жасады. 1 гектарға жуық аумақта орналасқан рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Орталық алдағы жылы ел игілігіне беріледі. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Қарилар мен болашақ дін ғұламаларын даярлайтын медресе де 2022 жылы тапсырылады.


Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс басшысы ірі бизнес орталығының құрылыс басында болды. 20 қабатты зәулім ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі. Мұнда әлемдік деңгейдегі және қазақстандық компаниялар өз өкілдіктері мен кеңселерін ашпақ. Өңір басшысы бұдан өзге бірнеше құрылыс алаңын аралап, нысандарды уақтылы тапсыруды жүктеді.


Түркістан қаласын одан ары қарай дамуының екінші кезеңі 4 аумақта жүзеге асырылып жатыр. Әуежай аумағында 12 жоба қолға алынған. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 400 га жерге қара өрік бағын өсіру, 50 га жерге жылыжай ашу, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынуда. Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы.


Сондай-ақ 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы және «Ана мен бала орталығы» бой көтермек. Б.Саттарханов даңғылында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, 182 га ботаникалық бақ жаңартылып, ірі сауда орталықтары ашылмақ.


Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынып жатыр. Өзге де ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Бұның бәрі Түркістанды дамыту жоспарына енгізілген.