ТҮРКІСТАН: Отырар ауданында «Алтын күз-2023» мерекесі өтті

0
606

10 000 га алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылдары егілген.


ТҮРКІСТАН: Отырар ауданында «Алтын күз-2023» мерекесі өтті

Отырар ауданында сары ала күзді нақышына келтірген ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің «Алтын күз-2023» мерекесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы жыл Отырар ауданының ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды деп айтсақ, қателеспейміз. Жыл басында 34 мың га жерге түрен салынса, 10 000 га алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылдары егілді. Су тапшылығы орын алған Қарғалы, Қоғам ауыл округтерінде шаруалар 300 гектар жерге күзгі бидай екті. 50 га жуық жерге тамшылатып, жаңбырлатып суару сынды тың технологияларды пайдаланса, тұрғындар үйіргелік жерден өнім алу ісін бастады. Нәтижесінде 9 айдың қорытындымен 29 млрд теңгенің өнімдері өндірілді.


Еңбеккерлердің басты мерекесі ауыл шаруашылығы өнімдері және техникалары көрмесін аралаудан басталды. Биыл отырарлық шаруалар техникалық паркін айтарлықтай жаңартып, 70 жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен толықты. Жыл соңына дейін 20-ға жуық техника алу көзделіп отыр. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесінде жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер өз өнімдері мен бұйымдарын таныстырды.


Көрмеде қоғамдық Дастан Алтынбеков ара балын, «Отырар Ет-Сүт» АШӨК «Маяқұм» шұбатын, шәуілдірлік Жанұзақ Ерімбетов қыш-құмыраларын, балтакөлдік Ерасыл Жүребек тары-талқанның жаңа сортын көпшілікке ұсынды.


Мұнан соң шара мерекелік-концерттік бағдарламамен жалғасты. Шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облыстық ветеринария басқарма басшысының орынбасары Тоқсейт Елекеев еңбеккерлерді құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан шаруаларға арнайы алғыс хаттар табысталып, естелік сый-сияпаттар ұсынылды.


Жыл қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік сала бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Балтакөл ауыл округі ІІІ орын, Ақтөбе ауыл округі ІІ орыннан көрінді. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан көксарайлықтар І орынға ие болды.


Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіптік мерекесі аудан өнерпаздарының және арнайы қонақ ретінде шақырылған Хадиша Шалабаева, «Наркескен» тобының концерттік бағдарламасына ұласты.