Соңғы қоңырау салтанатты жиыны өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.
Отырар ауданында «Түлек – 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты соңғы қоңырау мерекесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Отырар ауданындағы іргелі білім ордаларының бірі, қазақ өнері мен мәдениетінің жанашыры бола білген жерлесіміз Өзбекәлі Жәнібековтің абыройлы есімін иеленген №4-жалпы орта лицей-интернатындағы «Түлек – 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.
900-ден аса шәкіртке сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан білім ордасынан биыл 45 түлек ойдағыдай білім алып, үлкен өмір жолдарына қанат қаққалы отыр. Жүректері лүпілдей соққан осы түлектерге деген ыстық ықыласты жылы лебіздерін білдірген аталмыш оқу ордасының білікті басшысы Әділхан Әріпбеков мектептің 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктерін тілге тиек етіп, баяндама жасады. Салтанатты жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқан аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ұстаздар қауымы мен шәкірттерді мерейлі мерекемен құттықтап, түлектерге биік шыңдарды бағындырып, алға қойған мақсаттарына талмай жетулеріне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудан басшысы республикалық, облыстық олимпиадаларда, әртүрлі мазмұндағы іс-шараларда әрдайым биік көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген білім ұясына «Үздік мектеп» екендігін айғақтайтын куәлікті табыстады. Мұндай марапаттау рәсімін салтанатты жиында сөз алған облыстық білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Төлімбетов те орындап, бір топ озат оқушылар мен ұлағатты ұстаздарды марапаттады.