ТҮРКІСТАН: Отырар жастары жасыл алаңда күш сынасты

0
639

Ауылдардан келген 10 команда қатысты.


ТҮРКІСТАН: Отырар жастары жасыл алаңда күш сынасты

Отырар ауданындағы спорт алаңшалары жастар жиі баратын орынға айналуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданында «Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты ұранмен кіші футболдан Әріпжан Кенжеғұлов пен Әділ Алдияровты еске алуға арналған аудандық турнир өтті. Қарғалы ауыл округі әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға ауылдардан келген 10 команда қатысты. Бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы шараның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.


Атап өтсек, жақында ғана Қарғалы елді мекенінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ашық футбол алаңшасы салынған болатын. Бұған дейін аудан орталығындағы стадиондарға барып ойнайтын ауыл жастары енді ауылдан ұзамай-ақ жайлы спорт нысанында жаттыға алады. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш екені ауыл азаматтарының балбұл жанған жүздері мен баладай дархан көңілдерінен сезіліп тұрды. Көпшілік асыға күткені сол қыс мезгіліндегі ауа райының салқын лебі еш сезілмей, ыстық ықылас пен қонақжай пейілдің өзі ауа райын құбылтып жібергендей әсерде болды.


Жаңа спорт алаңшасының ашылуы қарсаңында ұйымдастырылған турнирде аудан әкімінің орынбасары ауылдарды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндай келе, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы бағытында іске асып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында ауыл әкімі Еркеғали Жұмабек спортты жанына серік еткен жастардың болашағы жарқын болатынын айтса, ауыл қариялары Медеубек Кенжеғұлов, Серікбай Айтуаровтар аққан жұлдыздай жарқ етіп сөнген асыл азамат Әріпжан Кенжеғұлов пен Әділ Алдияровтың қатар жүріп сыйласқан достығы мен адами қасиеттерін айтып, көздеріне ыстық жас алды.


Жарыстың ашылу салтанатында ауыл жастары елдің өтінішін орындап, ауылға спорт алаңшасын салдыруға белсенді жұмыс істеген VII шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихатының депутаты Төрбек Дайрабаевқа шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Спорттық жиында мемлекеттік әнұранымыз орындалып, жарысқа қатысушы командалар ойынды бастап кетті. Екі топқа бөлініп, іріктеу кезеңіне жолдама алуға ұмтылған ойыншылар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе Темір, Көкмардан, Отырар, Шеңгелді, Қарғалы елді мекендерінен келген спортшылар ақтық кезеңге өтуге барын салды. Жарыс нәтижесі бойынша ойында үздік атанған «Көкмардан» командасы І орын иегері атанса, «Темір» және «Отырар» командалары ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Жарыс соңында турнир жеңімпаздары мен ойынға қатысқан командалар арнайы сыйлықтармен марапатталып , медальдар мен кубок табысталды.