ТҮРКІСТАН: Отырарда 100 шақырымнан аса жол жөнделеді

0
451

33 нысанның жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Отырарда 100 шақырымнан аса жол жөнделеді

Отырар ауданында биыл 100 шақырымнан астам жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданында автомобиль жолдары және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 863,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңызды жолдар - 325,9 шақырым, аудандық маңызы бар – 109,7 шақырым жол, ал елді мекен көшелері – 427,7 шақырым. Биыл Отырар ауданында 81,1 шақырымды құрайтын 33 нысанның жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов аймақтағы жол жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, мердігерлерге жұмысты сапалы және уақытында тапсыруды жүктеді. Аудандағы туристік бағыттағы маңызды жолдардың бірі - Отырар қалашығына кіре берістегі жол. Нысанның жалпы ұзындығы - 1,7 шақырым. Бұған дейін аудан тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келген мәселе бүгінде өз шешімін тауып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.


Айта кету керек, аудандағы елді мекендердің көшелеріне «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы бөлініп, 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 30,7 шақырымдық елді мекен көшелеріне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.