ТҮРКІСТАН: Отырарда аламан айтыс өтті

0
860

«Айтыстың ақберені» атанған Тәушен Әбуованың туғанына 90 жыл толды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда аламан айтыс өтті

Отырарда Тәушен Әбуованың 90 жылдығына орай аламан айтыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Айтыстың ақберені» атанған айтыскер ақын Тәушен Әбуованың туғанына 90 жыл толуына орай Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жырыңды сенің сағындым, Тәушен апа!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.


Алдымен келген қонақтар Тәушен ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Мұнан соң жыр додасын Отырар ауданының əкімі Сәкен Сұлтанханов пен бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаз-жүлдегері, ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымов құттықтау сөзбен ашып берді. Ақындар айтысын елімізге белгілі ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, бірнеше ән мен термелердің, «Қазықжұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев киелі Отырар халқына арнаған әсерлі өлең шумақтарымен ашып, жүргізіп отырды.


Аламан айтысқа «Айтыстың арыстаны» атанған, Бекарыс Шойбеков, республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысының үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Біржан Байтуов, Айтбай Жұмағұлов, Нұрзат Қару, Дәурен Ақсақалов сынды суырып салма айтыскерлер қатысып, көрерменге ерекше айтыс сыйлады. Қара домбыра күмбірі, ақындықтың шабытты сыры тұнған айтыста Тəушен Əбуованың асқақ абыройлы, сөз тамырлы мəңгілік ізі мен үлгі-өнегесі, қасиетті Отырар ауданының тарихи орны мен бүгінгі жетістігі ақындардың өлеңдеріне арқау болды.


Қазылар алқасының шешімімен Айтбай Жұмағұлов «Қызыл жырау» атанып кеткен Мырзабек Байжанұлы атындағы, Айбек Қалиев отты ақын Қаныбек Сарыбаев атындағы және Нұрзат Қару халық ақын Әселхан Қалыбекова атындағы сыйлықтың иегерлері атанды. Ал үшінші орынға қызылордалық Мұхтар Ниязов пен шымкенттік Біржан Байтуов лайықты деп танылса, отырарлық жас ақын Дәурен Ақсақалов екінші орын, батыс қазақстандық Жансая Мусина бірінші орын иегері атанып, көптің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ «Жырыңды сенің сағындым, Тәушен апа!» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Бекарыс Шойбековке бұйырды. Ақберен ақынды еске алу айтысының жеңімпаздары қомақты сыйлықтарға ие болды.


Айта кетейік, дүбірлі дода мақсаты – айтыс өнері арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін жырға арқау ету, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау және Тәушен Әбуованың айтыс әлеміндегі шоқтығы биік өнерін дәріптеу.