ТҮРКІСТАН: Отырарда тағы да бір ауыл табиғи газға қосылды

0
1 093

19 елді мекенге көгілдір отын пайдалануға берілген.


ТҮРКІСТАН: Отырарда тағы да бір ауыл табиғи газға қосылды

Отырар ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде аудан көлемінде 19 елді мекенге көгілдір отын пайдалануға берілген.


Ауданда алғашқылардың бірі болып Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе, Ш.Қалдаяқов, Қарақоңыр, Қоғам, Ынталы және Мыңшұқыр елді мекендері газға қосылса, қазіргі таңда Қарғалы, Арыс, М.Шойманов, Шытты, Көкмардан, Сарыкөл, Сырдария ауылдарының тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көруде. Аталған елді мекендердің қатарына Отырар ауылы да еніп отыр. Бүгін Қарғалы ауыл округіне қарасты Отырар ауылының тұрғындары асыға күткен тарихи сәтке аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы барып қатысып, көпшілікті қуанышымен құттықтады.


«Ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жақсарту бағытында аудан көлемінде бірқатар жобалар қолға алынған. Бүгінде елді мекендерде ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес жол жөндеу, ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Міне, бүгін ауданда тағы бір ауыл «көгілдір отынға» қосылып жатыр. Алдағы уақытта аймақтағы өзге де елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасын табатын болады»,-дей келе, елді мекендегі ішкі монтаждау жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Бұл турасында «түптеп келгенде ауыл тұрғындарының газды пайдаланудағы тиімділігін арттырады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет»,-деді аудан әкімі.


Ел қуанышын еселеген тарихи сәтте ауыл қариялары Есенбай Шынтереков пен Орал Мейірбеков ризашылықтарын айтып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.


Жалпы ауданда жоспарға сәйкес 9 елді мекенге табиғи газ беру көзделген болса, бүгінгі таңда 8 елді мекен газға қосылған. Алдағы уақытта 1 елді мекен яғни, Темір ауылын газдандыру жұмыстары да аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Аталған жұмыстар толық іске асқан жағдайда жалпы 16223 халық қосымша көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді.


Мұнан бөлек, Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 ауыл тұрғыны табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайтын болады деп күтілуде.