600 орындық білім ордасының құрылысы «Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жүзеге асты.
Отырар ауданы, Шәуілдір ауылдық округінде жайлы мектеп бой көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан облысында 29 білім ұясы салынуда. Заман талабына сай бірыңғай үлгідегі мектеп Отырар ауданы, Шәуілдір ауылдық округінде де бой көтерді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына іссапарында жайлы мектептің құрылысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Әлеуметтік нысандардың құрылысы қатаң бақылауда. Ғимараттың, құрал-жабдықтар мен жиһаздардың сапасына қатысты мәселе туындамау керек. Білікті кадрлармен қамту жұмыстары да назарда болсын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
600 орындық білім ордасының құрылысы «Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жүзеге асты. Жалпы алаңы 3 гектар жерде орналасқан нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қабылдау-өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 115 жұмыс орны құрылмақ.