Әлемнің 32 елінен келген балуандар бозкілемде өзара мықтыны анықтады.
Астана қаласында Белбеу күресінен Әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Астана қаласында 14-17 шілде аралығында әлемнің 32 елінен келген білекті де, жүректі балуандар бозкілемде өзара мықтыны анықтады.
Белбеу күресінен өткен Әлем чемпионатының екінші күнінде 57 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Отырар ауданының тумасы Қалмұхан Тұрмағанбет жеңістің биік тұғырынан көрініп, чемпион атанды.
Аядай ауылдан шығып, көпшілікті шеберлігімен сүйсіндірген жас спортшы осымен екі дүркін әлем чемпионы атанып отыр. Бұған дейін 2022 жылы Ресей Федераицясының Қазан қаласында күміс жүлде еншілеп, Ташкент қаласындағы біріншілікте топ жарған балуан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.
Байрақты бәсекеде еліміздің Туын көгімізде желбіреткен Қалмұхан Ғалымжанұлы мен жаттықтырушысы Нұржан Пердебековтің жетістігі жас ұрпаққа спортпен шұғылдануға үлгі болатыны анық.