ТҮРКІСТАН: Отырарлық жігіттер ауылдарына ойын алаңын салып берді

0
1 803

Ауыл азаматтарының мектеп бітіргеніне 10 жыл болған.


ТҮРКІСТАН: Отырарлық жігіттер ауылдарына ойын алаңын салып берді

Отырарда балаларға арналған ойын алаңшасы ашылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданы, Қарғалы ауыл округінің орталығы Отырар ауылында балаларға және бұқаралық спортқа арналған ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл игілікті істі Отырар ауылының 2012 жылы мектеп бітірген түлектері жүзеге асырды. Дәлірек айтсақ, әкімшіліктен ауылдағы орталық көше бойындағы бос жатқан жерді алып, өз қаражаттарымен ойын алаңшасының құрылысын жүргізген.


Бірнеше ай бойы салынған алаңды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен ауылдық округ әкімі Еркеғали Жұмабек және ардагерлер ашып беріп, 10 жылдық түлектерге ізгі тілектерін білдіріп, алғысын айтты.


"Бүгін ауылымызда заман талабына сай ойын алаңы ашылып, артымыздан ерген жастардың үлгілі ісіне куә болдық. Ауызбіршілігі мықты жігіттер көп болса, аядай ғана ауылымыз әлі де көркейе береді деп ойлаймын. Игілікті істі абыроймен атқарып, туған жерге деген құрметтің жарқын үлгісін көрсеткен азаматтарға барша тұрғындар атынан алғыс айтамын", - дейді ауыл әкімі Еркеғали Жұмабекұлы.


Ал, Президент Қасым Жомарт-Тоқаев айтқандай, той емес, ой қуған түлектер мұндай істерді атқару, елге пайдасын тигізу әр адамның азаматтық парызы деп біледі.


"Әрине, қалтамыздан қаржы шығарып, сыныптастарымызды ұйымдастырып, ойын алаңшасын салу оңайға соқпады. Дегенмен, ер жігіттің парызы - туған жеріне қызмет ету болғандықтан, ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін аянып қалмадық. Құдайға шүкір, бүгін төккен теріміз балалардың қуанышына айналып жатқанын көріп, еш қиындық көрмегендей көңіліміз көтерліп тұр. Осы орайда бастамамызға қолдау көрсеткен ауыл әкімдігіне, отырарлық аға-інілерімізге де алғыс айтамыз! Әр жылдары 10, 20, 30 жылдық мерейтойларын атап өтетін түлектер де осылай ауылымызға пайдасын тигізуді жалғастыра берсе, туған жеріміз түрлене бермек",
- дейді 1995 жылы туған, мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер.


Айта кетейік, ойын алаңшасының ресми ашылу салтанаты мерекелік іс-шараға ұласып, түлектер ауыл-аймақ тұрғындарына арнап ас берді.