Басты мақсат - полицейдің халыққа жақындауы.
Түркістан облысында өткізілген Республикалық "Жолда қабылдау" акциясына қатысқандардың қарасы қалың болды. Полицейлер тұрғындардың өтініштері мен пікірлерін мұқият тыңдап, көкейтесті сұрақтарына нақты жауаптарын берді. Бұл акция ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде айына бір рет 2 күн қатарынан өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Акцияның басты мақсаты: азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру, полицейлер мен тұрғындар арасында тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Ал, ең бастысы полицейдің халыққа жақындауы.
Түркістан облысында муниципалдық автобустар тұрғындар көп шоғырланған жерлерге қойылып, қала және аудан орталықтарында, бірнеше тұрғын үй аулаларында қабылдаулар өткізілді. Әр аймақта, шатыр астында тұрғындарды жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция басқармасының, көші-қон қызметінің полицейлері мен жол техникалық инспекциясының мамандары қабылдап, өтініштері мен сауалдарына жан-жақты жауап берді. Сондай-ақ арнайы ТО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Сейдуалиев акцияға қатысып, азаматтардың мәселелеріне ден қойды. Оның айтуынша, қабылдауға келген тұрғындардың қарасы өткен аймен салыстырғанда басымырақ болған. Азаматтардың көпшілігі жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, айыппұлдар мен автокөліктерді тіркеу, көші-қон қызметіне байланысты т.б сұрақтарымен жүгінген. Азаматтар тарапынан қойылған сауалдардың ешқайсысы жауапсыз қалмай, тіркеуге алынып, бақылауға қойылды.
Аталмыш акция 2019 жылдың 14-15 маусым күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін екі күн бойы өткізіліп, облыс бойынша жоғары деңгейде жүзеге асты деуге негіз бар.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары акция өткізу барысында полиция қызметіне, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты тұрғындардың толыққанды мәлімет алуына ықпал етті.
Сондай-ақ, акцияға белсене қатысқан тұрғындар арасынан әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы сұрақтарын қойып, алғыстарын білдіргендер де болды.