Күдікті қылмысын ғаламтордағы «ОЛХ» парақшасы арқылы өзінің жарнамасын қалдырып отырған.
Ғаламтор арқылы өзгенің сеніміне кіріп, арам пиғылын жүзеге асырып, алаяқтық жасаған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Полиция департаменті криминалды полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларының арқасында қылмыскер Шымкент қаласында ұсталды. Жәбірленушінің арызы бойынша құрықталған күдікті, Түркістан ҚПБ-ның уақытша ұстау изоляторында қамауда. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Орын алған жайтты анықтау барысында күдікті өзіне тиесілі ұялы телефоны арқылы ғаламторда «ОЛХ» парақшасының, жұмыс беремін бөлігінде өзінің жарнамасын қалдырады. Яғни, Атырау және Созақ қалаларына вахталық әдіспен, жалақысы 200 000-300 000 теңгелік жұмысқа шақырады. Жарнаманы орналастыру кезінде өзін әр түрлі есіммен (Берік, Рауан, Қайрат) таныстырады. Бүгінгі таңда екі қолына бір күрек таба алмай жүрген азаматтар қатары көп. Сондай азаматтар, жарнама арқылы хабарласып сөйлеседі. Ал, күдікті болса арам ойын іске асырып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, Киви әмияны арқылы ақшаларын аудартып, ұялы телефонын өшіріп тастайды.
Қазіргі таңда белгілі болғаны, күдікті бұрын сотты болған жергілікті тұрғын. Алаяқтың арбауына түскендер облысымыздың әр аймағынан, әзірге 6 азамат болып отыр. Келтірілген шығын көлемі 2 миллионға жуық. Тергеу барысында, бұдан басқа да ақпараттар анықталуда. Тұрғындар көбіне осылай ұялы телефон арқылы интернет-алаяқтарға алданып жатады.
Өз кезегінде, Түркістан облысы полицейлері алаяқтардың айла-тәсілдеріне ермеңіздер, қырағылық танытыңыздар деп ескертеді. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз тез арада «102» сенім телефонына хабарласыңыздар!