Мәжіліске жауапты басқармалар мен құқық қорғау органдары өкілдері қатысты.
Түркістан облысында пробация қызметі есебіндегі азаматтарды бейімдеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында пробация қызметі есебінде тұрған жаза өтеушілерді жұмыспен қамту тұрақты жүргізіліп келеді. 2024 жылдың қорытындысы, биылғы жоспарларды саралау облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Мәжіліске жауапты басқармалар мен құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес талдау нәтижелері, анықталған заңбұзушылықтар мен алдын алу шаралары, өзекті мәселелер мен оны шешу жолдары талқыланды.
— 2024 жылы облыс прокуратурасы тарапынан пробация қызметінің есебінде тұрған жаза өтеушілерді жұмыспен қамту және заңдылығын тексеру мақсатында мониторинг жүргізді. Талдау мен ұсынымға сәйкес кемшіліктерді жою бойынша атқарылған жұмыстарды баяндадыңыздар. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Қадағалау болмаған. Бекітілген квота мақсатсыз пайдаланылған. Мұндай іс-әрекеттер кейбір аудандарда қайталанып, тіпті фактілер көбейген. Заңсыздықтарға жол берген тұлғаларға тәртіптік шара көрілді. Тек көрсеткіш үшін жұмыс істеуді тоқтатыңыздар. Биыл талапты күшейтеміз. Есепте тұрған азаматтардың әлеуметтік жағдайын қайта зерделеуді тапсырамын. Өйткені олардың арасында әлеуметтік қорғауды талап етпейтіндері де кездесіп жатыр. Сондай-ақ шағын несие мен грант алуға ниеттілердің санаттарын анықтап, тізім жасақталсын. Жүктелген міндетке тиісті құрылымдар, құқық қорғау органдары, аудан және қала әкімдіктері бірлесіп, толық жұмылдырылсын, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, 2024 жылы 4300-ден астам адам пробация қызметі есебіне тіркелген. Оның ішінде 1700-ге жуығы мерзімін өтеуіне байланысты есептен шығарылса, 579-ы басқа өңірлерге қоныс аударған. 2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2040 адам есепте тұр. 1549-ы жұмыспен қамтылған. Былтыр 90 жұмыс берушіден 131 квота орны нақтыланып, жоспар толық орындалған. Өңір көлемінде 44 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 683 адам қатысқан. Басқарма басшысы «2025 жылы жұмыс орындарының квотасын белгілеу туралы» ұсыным қайта қаралатынын айтты.