ТҮРКІСТАН: Руханият және дін саласындағы мәселелер талқыланды

0
349

Түркістан өңірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 736 мешіт-филиалы тіркелген.


ТҮРКІСТАН: Руханият және дін саласындағы мәселелер талқыланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Орталық мешітте өткен жиынға облыстық дін істері басқармасының басшысы мен мамандары, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері, аудан, қалалардың бас имамдары және БАҚ өкілдері қатысты.


«Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда сіздердің орындарыңыз ерекше. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Тек мешіт соғамын деген кәсіпкерлер мен меценаттарға басқа да сауапты істердің бар екендігін айтқым келеді. Қоғамның, елдің игілігі үшін әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылымды ретке келтірген жөн. Қазіргі таңда өңір тұрғындары «Умра» сапарына көптеп баруда. Апарамыз деп алдап соғатындар, жалған құжат рәсімдеп көпшіліктің ашу-ызасын тудыратын туристік фирмалар да жоқ емес. Кейбірі тіпті саяхатқа айналдырып алғандығы да жасырын емес. Ең әуелі, сенімді туристік фирмалардың тізімін жасақтау және «умра» сапарына барушыларға жаднама әзірлеп тарату, қажыларымыздың тұлғалық келбетін қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылса дейміз. Өздеріңізбен бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқарамыз деп сенемін», – деген облыс әкімінің орынбасары алда тұрған міндеттерді қайта қарап, пысықтауды тапсырды.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Төлепов та баяндама жасады. Басқосу барысында өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда деструктивті діни ағым жақтаушыларымен жұмыс жүргізу, жат ағымдардың таралуын алдын алу, діни иммунитет қалыптастыру, имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру жайы баяндалды. Жиын соңында туындаған сұрақтар бойынша қатысушылар пікір алмасты.


Айта кетейік, республика бойынша жалпы 2769 мешіт тіркеуден өтсе, Түркістан өңірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 736 мешіт-филиалы тіркелген. Бұл еліміздегі мешіттердің 4/1 құрайды. Сондай-ақ имамдар мен діни қызметкерлердің саны да ең көп тіркелген аймаққа жатады. Бүгінде 1112 діни қызметкер осы салада еңбек етіп жүр.