ТҮРКІСТАН: Сайрамда тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері жаңартылады

0
730

Бүгінгі таңға дейін аудан тарапынан «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қайтарымсыз беру үшін 39 трансфарматор ұсынылған.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері жаңартылады

Сайрам ауданында тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері жаңартылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сайрам ауданының әкімі ауыл округтерді аралау барысында бірқатар шешімін қажет ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын. Яғни, бірінші кезекте тұрғындардың көтеріп жүрген мәселелеріне назар аударды. Соның бірі – электр жарығы.


Осы орайда, аудан әкімі Арман Сәбитов «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимовпен кездесті. Мақсат – аудан тұрғындарын электр жарығымен тұрақты қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізу.


Аудандағы кейбір елдімекендердегі өзекті мәселенің бірі – электр энергиясының жиі өшуі. Жел соқса, қар жауса ауыл азаматтары бұл мәселені жиі көтереді. Әсіресе, тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде пікірлер жазылып, мессенджер арқылы сұрақтар көптеп түседі.


Қазіргі таңда ауданда «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қарасты 16 қосалқы электр станциясы бар. Оның ішінде жағдайы орташа деңгейдегілер саны - 14. Ал қажетті трансфарматорлар саны - 18. Одан бөлек, 21 елдімекендегі 169,5 шақырым электр желісі тозған. Тозығы жеткен бағаналар да аз емес. Бүгінгі таңға дейін аудан тарапынан «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қайтарымсыз беру үшін 39 трансфарматор ұсынылған.


Осы және өзге маңызды мәселелер бойынша аудан әкімі мен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры арасында келіссөз жасалды. Маңызды тақырып бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде, екі тарап ортақ шешімге келіп, алдағы уақытта «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болды. Яғни, трансфарматорларды балансқа алу, жаңадан трансфарматорлар орнату, тозығы жеткен электр желісі мен бағаналарды ауыстыру сынды маңызды мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілмек.