Интернет желісімен қамту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Биыл Сайрам ауданындағы 8 елді мекенге базалық станциялар орнатылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты елді мекендерді интернет желісімен қамту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Өткен жылы аудандағы 21 елді мекенге «Билайн» және «Кселл» ұялы байланыс операторлары тарапынан базалық станциялар орнатылды. Нақтырақ айтсақ, 4 базалық станцияны «Билайн» операторы қойса, 21 базалық құрылғы «Кселл» тарапынан орнатылды. Атап айтқанда, Ақбұлақ, Арыс, Жібек жолы, Қарасу, Қарабұлақ, Қарамұрт, Қайнарбұлақ, Құтарыс, Көлкент және Манкент ауылдық округтерінің елді мекендеріне 4G техналогиясы қамтылған базалық станциялар орнатылды.
Биыл Сайрам ауданындағы 8 елді мекенге жаңадан базалық станциялар орнату жоспарланған. Бүгінде Көлкент ауылдық округіне қарасты М.Оразалиев және Шапырашты ауылдарында ұялы байланыс интернетінің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар аудан орталығы Ақсукент ауылдық округіне 5G желісі іске қосылды. Бұл желі аудан тұрғындарының сапалы интернетке қосылуына мүмкіндік береді.