200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Сауранда «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңадан ашылатын «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгін облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданы, Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Аталған шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.
Орталықтың ашылуына байланысты медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдары жұмысқа қабылданады. 200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша қызметкерлер құрамы іріктеліп, ресми ашылуы қазан айына жоспарлануда.
Арнайы мамандар бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Казанкапов жәрмеңкеге 250-ден астам адам қатысқанын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы - ересектер болса, 15 мыңы - балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны - 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық жағдайдағы, жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді. Қазіргі таңда Сауран ауданының Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың І тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.