Ашылған өрт сөндіру бекеттеріне ауыл тұрғындары өз ризашылықтары білдіруде.
Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округі, Тасқұдық елді мекені және Әлімтау ауылдық округі Әлімтау елді мекенінде дала өрттерін алдын алу мақсатында аудан әкімінің қолдауымен «Өрт сөндіру бекеті» ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Дарбаза және Әлімтау елді мекендері егістік пен жайылым алқабынан тұрады. Аптап ыстықта ауылда төтенше жағдайлардың алдын-алу және оны болдырмау - маңызды мәселе. Бұдан былай, әлдебір оқыс оқиға бола қалған жағдайда ауыл тұрғындары орталыққа алаңдамай, өз ауылдарының құтқару бригадасына жүгінбекші. Жыл бойы қызмет көрсететін мекемеге елдің сенімі мығым.
«Бұрын оқыс оқиға болған жағдайда орталықтан техника келгенше біраз уақыт жоғалтатынбыз. Іс насырға шабатын кездер де болды. Енді жағдай басқаша»,- деп, қуанады елдімекен азаматтары.
Өрт сөндіру бекетінің ашылу іс-шарасына ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің м.у.а С.Тасқұлов өрт сөндіру бекетінің дайындық жұмыстарын бақылап қайтты. Жиында ауыл ақсақалдары өз тілектерін айтып аудан басшылығына ризашылығын білдірді.