Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстарының нәтижесімен танысты.
ERNUR.KZ. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Көктерек ауылдық округіне қарасты Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағы табиғи газбен қамтылды. Атап айтқанда, Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелерінде газдандыру жұмыстары жүргізілді.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстарының нәтижесімен танысты.
– Біздің басты міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Осы орайда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі. Басталған әрбір жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізетін боламыз, – деді Арман Абдуллаев.
Кездесу барысында тұрғындар табиғи газдың қосылғанына ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға алғыс айтты.
Айта кетейік, жобаны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «Ынтымақ-ОК» ЖШС іске асырды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, 2820 тұрғынды «көгілдір отынмен» қамту жоспарланған. Қызмет көрсетуші мекеме – «Келес Трансгаз» ЖШС.


