ТҮРКІСТАН: Сарыағашта «HALYQTYQ KENSE» ашылды

0
1 635

90 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, тұрғындардың кедергісіз қызмет алуларына жағдай жасалған.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта «HALYQTYQ KENSE» ашылды

Сарыағаш ауданында «халықтық кеңсе» жұмысын бастады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, барлық аудандарда халықтық кеңселер ашылып, тұрғындарға қызмет еш кедергісіз көрсетілуі тиіс. Ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space» форматына көшіріліп, тұрғындардың кедергісіз қызмет алуына айрықша басымдық беріліп келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімі Мұхит Отаршиевтің қатысуымен «HALYQTYQ KENSE» ашылды. Аудан тұрғындарына қолжетімді, ашық және жедел қызмет көрсететін ашық кеңістіктегі жаңа нысанда 7 дербес бөлімдер бар. Атап айтсақ, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылық, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, экономика және қаржы, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері бойынша 90 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, тұрғындардың кедергісіз қызмет алуларына жағдай жасалған.

Сондай-ақ мұнда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға, жәрдемақы тағайындауға өтініш, тұрғын үй кезегіне тіркелу, жер, үй құжаттарын заңдастыру, халыққа қызмет көрсету орталығына брон жасауға көмек беретін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Ауданның игілігіне берілген халықтық кеңсе алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен ашықтық қағидатына негізделе отырып жұмыс жасауына ықпал етпек.