ТҮРКІСТАН: Сауран ауданына жаңа әкім тағайындалды

0
1 020

Облыс әкімі аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырма жүктеді.


ТҮРКІСТАН: Сауран ауданына жаңа әкім тағайындалды

Түркістан облысы, Сауран ауданының әкімі болып Үсенбаев Ғалымжан Қарабайұлы тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Сауран ауданының әкімі болып Үсенбаев Ғалымжан Қарабайұлы тағайындалды.


Жаңадан құрылған Сауран ауданын 2021 жылдан бері басқарған Рысбеков Ғани Құрмашұлы басқа қызметке ауысуына байланысты жұмысынан босатылды.


Облыс әкімі аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырма жүктеді.


«Қазір нәтижені сөзбен емес, нақты іспен көрсету керек. Ең бірінші кезекте қоғамды дамытуға кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Егер осы мәселеден кемшілік жіберсе, қандай мықты әкім болса да, жұмыстан кетеді. Елге қызмет ететін, бірігетін, өзгеретін кез келді. Қызметте жүрген бәрімізді «ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сұрақ мазалауы қажет. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға толық мүмкіндік бар. Келесі жылы ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беріледі. Білім саласы бойынша да Сауранда жаңа мектептер салынады. Сондықтан жаңа әкімге жауапкершілікпен жұмыс істеуді тапсырамын. Бағыттарды білесіз, нақты ұсыныстарды, елге пайдалы бастамаларды қолдауға дайынбыз. Елдің қамын ойлап, алғысын алыңыз. Бәріміз де қызметте уақытшамыз. Қасиетті өңірлерді дамытуға мүмкіндік бергеннен кейін елге адал қызмет етейік», – деді Дархан Сатыбалды.


Үсенбаев Ғалымжан Қарабайұлы 1972 жылғы 11 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, Оңтүстік Қазақстан ашық университетін бітірген. Мамандықтары: жеңіл өнеркәсібінің машиналары мен аппараттары, қаржы.


1998 бен 2001 жылдары аралығында ОҚО индустрия, көлік және сауда департаментінде жетекші маман болып қызмет атқарған.

2001-2002 жылдары ОҚО индустрия департаментінің жинақтау-талдау бөлімінде жетекші маманның міндетін атқарушы, жетекші маман болды. 2002-2005 жылдар арасында ОҚО индустрия энергетка және коммуналдық шаруашылық депертаментінің ауыр өнеркәсіп және құрылыс индустриясы бөлімінде, ОҚО индустрия және сауда департаментінің сауда бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген.

2005-2007 жылдары Шымкент қаласы ішкі және сыртқы сауда даму, кәсіпкерлік және инновациялық қызмет және ұйымдастыру бөлімдерінде басшы болды.

2007-2020 жылдары аралығында ОҚО әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.

2020 жылдан бері Кентау қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп келді.