ТҮРКІСТАН: Саурандықтар «Даңқ» аллеясын абаттандыруға үлес қосты

0
116

Қоқыстар шығарылып, жалпы аумақ тазалығы ретке келтірілді.


ТҮРКІСТАН: Саурандықтар «Даңқ» аллеясын абаттандыруға үлес қосты

Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «Даңқ» аллеясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда, Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «Даңқ» аллеясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.


Аталған шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудан прокуроры Алмаз Асылбеков арнайы қатысып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Жергілікті атқарушы органдар мен аудандық прокуратура бірлесіп ұйымдастырған сенбілік барысында аллея аумағы толықтай абаттандырылды. Атап айтсақ, арам шөптер орылып, қураған бұталар кесіліп, ағаштар түптеліп, жасыл желектерге күтім көрсетілді.


Сонымен қатар жаяу жүргінші жолдары мен орындықтар, жарық шамдары сырланып, шеткі қоршаулар әктелді. Көшеттердің түптері қопсытылып, суарылды. Қоқыстар шығарылып, жалпы аумақ тазалығы ретке келтірілді.


Бұл жұмыстарға аудан тұрғындарымен қатар, ауылдық округ әкімдігі мен аудандық прокурорлар және белсенді жастар жұмыла қатысып, «Даңқ»аллеясындағы батырларға арналған ескерткіштерді тазалады.


«Даңқ» аллеясы — бұл Жүйнек ауылындағы тарихи-мәдени нысан ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елін қорғаған ерлерді құрметтеуге тәрбиелейтін рухани орда. Мұндай қоғамдық шаралар – ұрпақ санасына тазалықпен қатар, елге, жерге деген жанашырлықты да сіңіреді.

Бөлісу