Орталықтандырылған ауыз су жүйесін тұтыну көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр.
Сауран ауданы тұрғындарының 90 пайыздан астамы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте 35 елді мекен бар. Оның ішінде, 2009-2019 жылдар аралығында 31 елді мекен Түркістан және Кентау қалалары тарапынан ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінде аудандағы орталықтандырылған ауыз су жүйесін тұтыну көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр.
Биыл ауданға қарасты 8 елді мекенге «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, Қосмезгіл, Құмтиін, Қаратөбе, Жүйнек, Қызылжол, Құмайлықас, Ибата ауылдары мен 32-разъездегі ауыз су құбырлары ұзартылады. Тиісті жұмыстар аталған ауылдарда халық санының артып, инфрақұрылым жүйелерін тарту қажеттілігіне байланысты атқарылуда.
Бұдан бөлек, 6 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттар әзірленген. Сонымен қатар, Ойық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттарының мерзімі өтуіне байланысты сметалық өзгеріс пен түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.