Үш күнге созылатын турнирде кіші жасөспірім палуандар боз кілемде 9 салмақ дәрежесінде, жасөспірімдер 7 салмақ дәрежесінде, ал, жастар 8 салмақ бойынша өзара мықтыларды анықтайтын болады.
Шардара ауданының 55 жылдығы аясында қазақ күресінен «Жас барыс» турнирі өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шардара ауданының 55 жылдығы аясында «Жас барыс» Республикалық турниріне іріктеу мақсатында дүбірлі дода басталды. Қазан айының 15 – 17 аралығында өтетін турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен қазақ күресінің майталман спортшылары қатысты.
«Қазақ ежелден-ақ күресті жанына жақын тұтып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан спорт түрі. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде қазақтың спортын жанына серік етушілердің қатары артып келеді. Бүгінгі жарыс сіздердің үлкен спортқа бастаған баспалдақтарыңыз болсын! Сәттілік тілеймін баршаңызға» деген аудан басшысы Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Қайрат Пазылбек пен қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірнеше дүркін түйе палуан Қуат Байходжаевты алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, қазақ күресінен 2004 – 2005 жылы туылған кіші жасөспірімдер, 2002 – 2003 жылы туылған жасөспірімдер және 1999 – 2001 жылы туылған жастар арасындағы «Жас барыс» турнирінің облыстық іріктеу кезеңіне 12 ауданнан 20 командада 350 спортшы қатысуда. Үш күнге созылатын турнирде кіші жасөспірім палуандар боз кілемде 9 салмақ дәрежесінде, жасөспірімдер 7 салмақ дәрежесінде, ал, жастар 8 салмақ бойынша өзара мықтыларды анықтайтын болады.