ТҮРКІСТАН: Шардаралық азаматтар көпбалалы отбасыларға көмір таратты

0
1 141

45 отбасыға 40 тонна көмір үлестіруді жоспарлап отыр.


ТҮРКІСТАН: Шардаралық азаматтар көпбалалы отбасыларға көмір таратты

Шардара ауданының азаматтары қайырымдылық жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Шағалалы Шардара» қайырымдылық қоры Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» аясында Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде қайырымдылық шарасын өткізді. Шараға ауыл мешітінің жамағаты мен қалталы азаматтары демеушілік жасады. Жылдағы дәстүр бойынша Смат Абдрамановтың ұйымдастыруымен ауылдағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға қысқы жылыту маусымына орай қатты отын таратты.


«Мұндай қайырымдылық шаралары жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тек көмір, отын ғана емес, кезең-кезеңімен азық-түлік пен күнделікті тұтыну заттарын да үлестіріліп келеді. Бұл шараларға жергілікті азаматтар демеушілік жасауда», - дейді Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Асылхан Данияров.


Жомарт жандардың қайырымдылығының шарапатын көріп келе жатқандардың бірі Ұлбосын Төлешова. Екі перзенттің анасы отанасымен түрлі жалдамалы жұмыстарды істеп, отбасын асырап күнелтіп келеді. Қыс ауасы жақындап, салқын түскелі жұмыстың реті келмей үйде отыр. Қатты отыннан қиналып отырған отбасына көмірдің жеткізілуі үлкен көмек.


«Біз секілді мұқтаж отбасыларға қолұшын созып, көмек беріп отырған қолы ашық азаматтарға айтар алғысым шексіз! Бізге жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын!», - дейді Ұлбосын Төлешова.


Айта кетейік, қайырымдылықты қайырлы іс санайтын азаматтар бұл жолы 45 отбасыға 40 тонна көмір үлестіруді жоспарлап отыр.