12 адам жақын маңдағы ауруханаға қаралды.
Түркістан облысында шетелдік автобус жол жиегіне шығып кетіп, жол апаты орын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
27 тамыз күні таңғы 07:18 шамасында Түлкібас АПБ кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полицейлер Шақпақ ауылының маңында 601 шақырым жердегі жол қиылысында автобус жүргізушісінің қалғып кетуі салдарынан рульге ие бола алмай, жол шетіндегі ойпаң жерге түсіп кеткен.
Тексеру барысында автобустың Өзбекстаннан Қырғызстанға жол жүріп бара жатқаны және ішінде шетелдік азаматтар екені белгілі болды. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жарақат алған шамамен 12 адам жақын маңдағы ауруханаға қаралды. Адам шығыны жоқ.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сараптамалар тағайындалды.
Оқиға орнында Түлкібас АПБ анықтаушылары жұмыс істеуде.