ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында ауқымды жобалар атқарылады

0
812

Тұрғындар аудан аумағын абаттандыру мақсатында бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады.


ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында ауқымды жобалар атқарылады

Созақ ауданы, Шолаққорған ауылдық округінде атқарылатын ауқымды жобалар ашық айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Онда ауыл округте атқарылатын жұмыстарды баяндап, келелі жоспарларымен бөлісті.


«Ағымдағы жылы ауылдық округте көптеген ауқымды жобалар жүзеге асуда. Аудан орталығынан заманауи үлгідегі 200 орындық спорт кешенінің құрылысы жақын күнде басталып, Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын толықтай ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шолаққорған ауыл округіне қарасты Қарабұлақ елді мекеніндегі орталық көшесінің жарықтандыру жұмыстары аяқталып, Балдысу, Жеткіншек елді мекендерінің орталық көшелеріне жарықтандыру жұмыстары басталуда. Бұл көшелерге қосымша орташа жөндеу жұмыстары да жүргізіледі. Абай елді мекені тұрғындарын 24 сағат ауыз сумен қамту үшін А.Иманов атындағы жалпы орта мектебіне 25 метр және су құбыры мұнарасының қасынан тереңдігі 140 метр болатын ұңғыма құдық қазылды. Сондай-ақ Шолаққорған ауылынан Е.Өмірбеков, С.Абуов-1, С.Абуов-2, М.Әуезов-1, М.Әуезов-2 көшелерінің жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралды. Демеушілер есебінен Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендері мен Шолаққорған ауылының А.Спатаев және С.Абуов көшелеріне балалар ойын алаңын салып, Қ.Рүстемов, А.Иманов және Әйтеке би көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», - деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.


Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан аумағын абаттандыру мақсатында бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады.


Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, маңыздылығына тоқталып өтті. Бүгінде көтерілген мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты.


Есептік жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселесі бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.