Түркістанның тарихына қатысты «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» үш тілде дайындалды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі еліміздегі тұңғыш «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясын және «Диуани хикмет», «100 легенд», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Түркістанда жерленген қазақ билері» атты жаңа кітаптарды жарыққа шығарды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тарихи шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ясауитанушы Зікірия Жандарбек, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-ғалым Марат Тұяқбаев қатысты.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай елімізде «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясын тұңғыш рет баспадан шығарып, көпшілік қауымға ұсынып отырмыз. Осы уақытқа дейін елімізде Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көптомдық кітаптары жарыққа шыққаны белгілі. Алайда, Қожа Ахмет Ясауиге арналған энциклопедия жоқ. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясының бірінші томы ұсынылып отыр. Сонымен қатар, қорық-музей қорындағы 1842 жылы көшірілген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы шағатай тілінен қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ, арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, ел аузындағы және хатқа түскен аңыз-әңгімелерді жинақтаған болатынбыз. Таңдамалы кітаптың орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқасын жарыққа шығардық. Бұл ұсыныс кесенеге келген шетелдік туристердің қызығушылығы негізінен туындады", - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
«Әзірет Сұлтан» энциклопедиясына ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне 2003 жылдан бастап енген Орта Азиядағы теңдесіз бірегей сәулет ескерткіш Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі, ондағы араб, парсы тілдерінде жазылған жазулар мен оның мән-мағынасы, сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық түпнұсқа ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы), есіктері, Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары, ұлы тұлғаның соңынан ерген шәкірттері, олардың еңбектері, Түркістанда жерленген қазақтың хандары, сұлтандары, билері, батырлары, діни-рухани және игі жақсылары туралы мәліметтер, қорық-музей қорында сақталған құнды жәдігерлер, Ясауи есімімен байланысты тарихи орындар және қорық-музей құрамындағы халықаралық, республикалық маңызы бар ескерткіштер туралы мәліметтер енгізілген.
Ал, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы шағатай тілінен қазақшаға аударылған. Бұрын-соңды жарияланбаған нұсқасы қорық-музей қорында сақталып келген. Кітапты қорық-музейдің тапсырысымен шағатай тілінен Т.Қыдыр және К.Асетова аударса, Кенжеғали Қошым-Ноғай көркем аударма жасады.
Бұған дейін түркі әдеби тілінде жазылған «Диуани хикмет» кітабын түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде де бірнеше рет жарық көрді. Солардың қатарында М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітов, М.Шафиғов, Ж.Әбдірашев, Е.Дүйсенбайұлы, Ә.Жәмішев, Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова, Б.Сағындықов, Х.Иманжанов, Ә.Ибатов, З.Жандарбек, А.Нұрманова, Ә.Бөкебаев, Т.Қыдыр секілді ақындар мен ғалымдардың сіңірген еңбегі зор. Сондай-ақ, жер-жерден табылған қолжазбалар негізінде жарияланып жатқан хикметтер жинағы да баршылық. Сондықтан «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында сақталған хикметтерді де ғылыми айналымға түсіру және көпшілік назарына ұсыну мақсатында мәтіннің транскрипциясы мен көркем аудармасы қатар берілді.
Түркістан өңіріндегі киелі жерлер мен Қожа Ахмет Ясауиге қатысты ел аузында сақталған аңыз-әфсаналарға арналған «100 аңыз» кітабының қазақша нұсқасы 2018 жылы жарық көргені белгілі. Бүгінгі тұсаукесер барысында орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармасы қолданысқа енді.
Сонымен қатар, «Түркістанда жерленген қазақ билері» кітабы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Бұған дейін «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» кітабы қолданысқа енген болатын.
Биыл кесене тарихы, ондағы жазулардың мәні, Әмір Темір дәуірінен сақталған тарихи мұралар, Түркістанның тарихына қатысты «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» үш тілде дайындалды.
Есігін тұңғыш рет айқара ашқалы отырған Түркістан облыстық әмбебап Әл-Фараби кітапханасының экспозициялық залында өткен алғашқы іс-шара аясында қорық-музей қорында сақталған «Диуани хикмет» кітабының қолжазбасы, 1895-1910 жж. аралығында Қазан, Тәшкент, Ыстамбұл баспасынан шыққан «Диуани хикмет» кітабының нұсқалары, Қожа Ахмет Ясауидің ізбасары Шейх Худайдад Таш Мұхаммед Бухаридің «Бустан ул-мухиббин» қолжазба кітабы, Әбу Ханифаның «Әл-фихк әл-акбар» т.б. құнды кітаптар көпшілік назарына ұсынылды.