ТҮРКІСТАН: Тазалық сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр

0
317

Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандардыруды, жүйелеуді және жіті қадағалауды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Тазалық сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр

Түркістан облысында тазалық сақтамай, тәртіп бұзғандарға айыппұлдар салынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде тұрақты жүргізілуде. Бекітілген кесте бойынша аудан, қалаларда жалпы 450 ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандардыруды, жүйелеуді және жіті қадағалауды тапсырды.


«Әрбір мемлекеттік және бюджеттік мекемелер өз ауласын, ғимаратын таза ұстасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де әуеуметтік нысандардағы тазалық қадағаланып жатыр. Тазалық жұмыстарына немқұрайлы қараған басшылар сыннан қорытынды шығармаса, кемшілік қайталанса, қызметінен босатылады. Жұмыс жүйелі түрде жалғассын», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиын барысында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен аптаның ішінде 11 ауданның 30 елді мекенінде сенбіліктер өткізілген. Оған 6 мыңдай тұрғын қатысып, тиісті техникалар жұмылдырылған. Нәтижесінде 98,7 тонна қоқыс шығарылды. Соның ішінде Созақтағы ауқымды сенбілікке 3 500-ден астам адам атсалысып, 17 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 21 қыркүйек күні бүкіләлемдік тазалық күніне орай облыстың барлық аумағында сенбіліктер өткізілді. Жалпы жыл соңына дейін 807 сенбілік өткізу жоспарланған.


Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда 431 өтінім түскен. Оның ішінде 415-і орындалған. Бағдарламаны тұрғындарға кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде, өткен айдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96 өтінімге немесе 29,4 пайызға өскен.


Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 23 434 мыңнан астам хаттама толтырылып 249,5 млн. теңгеге айыппұл салынды. Бағдарлама басталғалы бері ескертулер мен салынған айыппұлдар саны 16 мынан астам хаттамаға артқан немесе 4 есеге ұлғайған.


Сондай-ақ бүгінгі таңға, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 11 004 жеке тұрғын үй мен 6 147 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Оларға 1143 ескерту және 620 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.


«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік нысандары, полиция пункттері және «Қазпошта» филиалдарының жағдайына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде тазалық, абаттандыру бойынша кемшіліктер анықталған. Осы мекемелердің басшыларына тиісті ескерту беріліп, кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берілді. Мониторинг жалғасады.