ТҮРКІСТАН: Театрлар арасындағы фестиваль өз мәресіне жетті

0
742

Өнер мерекесін Келес ауданы әкімдігі мен «Келес» халық театры ұйымдастырды.


ТҮРКІСТАН: Театрлар арасындағы фестиваль өз мәресіне жетті

Келесте халықтық театрлар арасында өткен облыстық фестиваль өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл, Келес ауданының қайта құрылғанына 5 жыл, сондай-ақ «Келес» халық театрына 45 жыл толуына орай халықтық театрлар арасынан өткен облыстық фестиваль қорытындыланып, өз мәресіне жетті. Түркістан облысындағы он бір халықтық театры қатысқан фестивальде театрдың алғаш кірпішін қалаған, өнер саласына еңбегі сіңген ардагерлер қызыл жолақпен сахна төріне шақыртылды.


Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Даурен Сариев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев қатысып, көпшіліктің көзайымына айналған театр ұжымдарына арнайы сыйлықтарымен аудан әкімінің жүлдесін табыстады.


Байқауға Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет, Түркістан музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Әлімхан Мырзахан, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының директор орынбасары, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғылым магистрі, оқытушы Алмас Шымалиев, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім жетекшісі Асылхан Темірхан, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының режиссеры Рабия Бейсебаева төрелік етті.


Қазылар алқасының шешімімен Отырар ауданынан келген «Отырар» халық театры бас жүлдені иемденсе, бірінші орынға «Созақ» халық театры лайық деп танылды. Ал екінші орынды жергілікті «Келес» халық театры мен Ордабасы ауданынан келген «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры алса, жүлделі үшінші орын Түлкібас ауданынан келген «Мақталы» халық театрына бұйырды. Сонымен қатар Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Ордабасы ауданынан келген «Темірлан» халық театры марапатталды. Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Қазығұрт ауданынан келген «Қазығұрт» халық театрына бұйырды. «Үздік актер» номинациясымен Отырар ауданынан Мұхаммеджан Нәлмішов, «Үздік актриса» номинациясымен Созақ ауданынан Мархаббат Бейсенова, «Үздік декарация» номинациясымен Ордабасы ауданынан «Жастар» театры марапатталды.


Айта кетейік, 5-8 желтоқсан аралығында Келес халқы мен аудан қонақтарына таңғажайып театр думанын сыйлаған өнер мерекесін Келес ауданы әкімдігі мен «Келес» халық театры ұйымдастырды.