Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Төлеби ауданы сапалы электр қуатымен қамтылатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданында тұрғын үйлер саны артуына байланысты соңғы жылдары электр қуатының тапшылығы байқалуда. Бұған қоса, электр жүйелері де жаңартуды талап етеді.
Бүгінде аталған бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, биыл облыстық бюджет есебінен 29 елді мекеннің 73 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнату құрылысын аяқтауға 989 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында осы жылы 19,6 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 4 трансформатор ауыстырылуда. Алдағы жылдары да аталған жұмыстар жалғасын тауып, ағаш бағаналары темір-бетон бағаналарына ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылады. Соның нәтижесінде аудан халқы сапалы электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі.
Ал Ленгір қаласындағы электр тапшылығын шешу бағытында жобалық құны 2 123,0 млн. теңгені құрайтын 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр станциясының құрылысы былтырғы жылы басталған еді.
«Алатау» ықшам ауданында орналасқан электр станциясының құрылыс жұмыстарының барысы аудан әкімі Төлеген Телғараевтың жіті бақылауында.
Аудан басшысы құрылыс алаңында болып, мердігер мекеме өкіліне құрылыс қарқынына қатысты сын-ескертпелер айтып, оның сапалы және көрсетілген мерзімінде аяқталуын талап етті. Жоба аясында жалпы – 9720 халық сапалы электр қуатымен қамтылуы тиіс құрылыс нысанына қатысты мердігер мекеме мен қадағалаушы мекемеге ескертулер берілді.