ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында «Суретшілер үйі» ашылды

0
1 044

Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Құттыбек Жақыпов мұрындық болды.


ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында «Суретшілер үйі» ашылды

Төлеби ауданында «Суретшілер үйі» ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданы нағыз таланттардың мекені. Мұнда халықаралық деңгейде танылған суретшілердің де қатары көп. Таланттар мекенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында Аққұм ауылында «Суретшілер үйі» ашылды. Өнер орталығының ашылуына осы өлкенің тумасы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Құттыбек Жақыпов мұрындық болды.


Мәдениет үйінде еліміздің өңірлерінен және шетелдерден келген өнер иелеріне Құттыбек Тыныбекұлының туындылары таныстырылып, өнер иесінің "Төлеби - Ұлы Дала мекенім" атты шығармашылық кеші өтті.


«Суретшілер үйінің» ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Телғараев, ауданның құрметі азаматы, мәдениет жанашыры Күлия Айдарбекова, ҚР Суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов жиналған қауымға жүрекжарды тілектерін жеткізді.


«Ұлтымыздың тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тұрмыс тіршілігін бейнелі әрі көркем түсіндіретін халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Төлеби - Ұлы Дала мекенім» атты суретшілер плэнеріне көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеті мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан халықаралық дәрежедегі сурет шеберлері келіп отыр. Жас суретшілердің шығармашылығына серпін беретін облыстық «Бір өлке - бір сурет!» атты жас суретшілер симпозиумының плэнермен бірге өтуінің өзі бұл шараның халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде өтуіне негіз болады», - деді аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы құттықтау сөзінде.