Жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын тұқымбақ аумағына бүгін 6 мыңнан астам көшет отырғызылып, 2 мыңға жуық тұқым егілді.
Төлеби ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің келбетін көркейту және көгалдандыру жұмыстарын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Жасыл мекен – гүлденген аудан» жобасы аясында Қоғалы ауылдық округінде сәндік ағаштар, бұталар мен гүлдер өсіруге арналған тұқымбақтың ашылу салтанаты өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Сондай-ақ бастаманың экологиялық маңызына тоқталды.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бір реттік науқанмен шектелмей, тұрақты сипат алуы қажеттігін жеткізді.
Жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын тұқымбақ аумағына бүгін 6 мыңнан астам көшет отырғызылып, 2 мыңға жуық тұқым егілді. Бұл аудан аумағын көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге, жергілікті жердің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген ағаш-бұта түрлерін көбейтуге және жасыл аймақтарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Бүгінгі отырғызылған әрбір көшет – болашаққа жасалған инвестиция, келер ұрпаққа қалдырылған аманат.
Жаңа тұқымбақтың ашылуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, елді мекендердің эстетикалық келбетін арттыруға және тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруға оң ықпал етпек.
Туған жердің табиғатын түлетіп, жасыл желегін молайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


