ТҮРКІСТАН: Төлебиде екі мектептің ашылу салтанаты өтті

0
295

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде екі мектептің ашылу салтанаты өтті

Төлебиде қос мектептің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы жаңа оқу жылына орай, Төлеби ауданында Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектеп пен Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі Тағайна жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.


Мерекелік жиынға аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев қатысып, ұстаздарды, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен, ел игілігіне берілген ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау мақсатында жұмыстар қолға алынғанын айтқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы білім беру ісіндегі жетістіктерге де тоқтала кетті.


«Тәуелсіз елдің тірегі – білімді де білікті ұрпақ десек, қазіргі дәуірдің басты мақсаты оқушыларға халықаралық дәрежеде сапалы білім және саналы тәрбие беру. Ауыл халқының көптен күткен білім ордасының құрылысын мердігер мекеме «Дос и К сервис» ЖШС жүргізді. Құны 925 млн теңгені құрады. Мектеп ғимаратының құрылысын жобада көрсетілген мерзімде аяқтаған мердігер мекеме алғысымды білдіремін», деді аудан басшысы.


Жаңадан салынған мектепте оқушылардың тиянақты білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Қажетті құрал жабдықтармен толық қамтылған.


Айта кетерлігі, Төлеби ауданында тозығы жеткен 3 білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстары, ал 33 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.


Ұрпақ тәрбиесі мен біліміне жауапты ұстаздар қауымына биылғы жылы да үлкен жауапкершілік жүктелуде. Төлеби ауданындағы білім беру ұйымдарында 29 мыңға жуық оқушы білім алса, жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 2535 оқушы қабылданды. Биылғы жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымының саны екеуге артып, жалпы 6703 бала тәрбие және оқумен қамтылуда. Ауданда бүгінгі таңда 3677 мұғалім жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие беруде.