Аталған лагерьде аудан мектептерінде оқитын 1645 оқушы 7 маусымда демалатын болады.
Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округінде «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагері ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Табиғат аясындағы демалыстарын асыға күткен балалар лагердегі күндерін жақсы көңіл-күймен бастап кетті.
"Баланың бұл лагерде өткізетін әр күнін қызықты, әрі жан-жақты пайдалы өткізу мақсатында түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар жоспарланған. Мұнда патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында қызықты, танымдық шараларға басымдық беріледі. Барлықтарыңызды бүгінгі жарқын күнмен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, балалық балғын шақтарыңыздың қызықты болуын тілеймін. Аспандарыңыз ашық, өмірлеріңіз мәнді де сәнді болсын," - деп балаларды құттықтаған аудан әкімі Бауыржан Омарбеков жылы лебізін білдірді.
Айта кету керек, табиғаты тамаша Төлеби ауданында балалар демалып, денсаулығын шыңдау мақсатында жазғы кезеңде қала сыртындағы лагерлерде былтырғы жылы жалпы 3244 бала демалса, биыл 3676 бала демалатын болады. Сауықтыру орнында Төлеби ауданының балаларынан бөлек басқа аудандардан келген оқушылар да демалысын өткізуде.
Аталған лагерьде аудан мектептерінде оқитын 1645 оқушы 7 маусымда демалатын болады. Балалардың 550-і «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қорынан бөлінген 15 млн. теңге қаражат есебінен жазғы сауықтыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, лагерьде барлық 7 маусымда 30 қызметкер (5 асхана қызметкері, 2 медик, 2 техникалық қызметкер, 14 тәрбиеші) және 2 тәртіп сақшысы жұмыс атқарады. Демалыс кезінде құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен кезекшілік құрылып, оқушылардың тәртібіне қадағалау жасалады.