Төлебиде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түліктер таратылды.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында Қасиетті Рамазан айында кәсіпкерлер бірқатар отбасыға қайырымдылық жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті айда жасалған қайырымды істер Төлеби ауданының тұрғындарына қуаныш сыйлауда. Игілікті іске арқау болған ауданымыздағы үлкенді-кішілі кәсіпкерлер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға күнделікті тұрмыста қолданылатын азық-түліктерді таратып берді.
Қайырымдылық шарада Кемеқалған ауылдық округі Абай елді мекенінің тумасы жеке кəсіпкер Жабаев Ерболат аз қамтылған 40 отбасыға азық-түлік өнімдерін таратты.
Сонымен қатар, Жоғары Ақсу ауылдық округіндегі Мәдени және Сарқырама елді мекендеріндегі көп балалы 20 отбасыға меценат Мұрат Төлтебаевтың демеушілігімен азық-түлік тауарлары берілді.
Ең ерекшеленгені Тасарық ауылдық округінің тұрғыны Бегімсалиева Толғанай өзінің және ауылдастарының үй іргелік жер учаскелеріне құлпынай егіп, шыққан жемісін Тасарық, Оңтүстік елді мекендерінің көпбалалы 30 отбасына таратып, тұрғындардың ризашылығын алды.