Ауызсу тәулік бойы ағып тұрады.
Төлеби ауданындағы ауылға ауызсу тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы Аққұм ауылдық округі, Момынай елді мекені, Бұлақты көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жұмабаев, «Ленгір су» МКМ директоры Қанат Умирбеков қатысты. Бұлақты көшесі тұрғындары жаз айларында ауыз судан тапшылық көріп, оларға суды арнайы көлікпен тасымалдап келген болатын. Аудан басшысы Төлеген Телғараев халықпен кездесуінде елді мекенге су тарту жұмыстары жүргізілетінін, алдағы екі айда әрбір тұрғын үй тіршілік нәрімен толық қамтылатынын айтып, уәде берген болатын.
Аудан басшысы тұрғындар алдында айтқан уәжі толық орындалып, елді мекен 24 сағат бойы ауыз суға қосылды. Елді мекенге су Көктерек бұлағынан арнайы құбыр арқылы жеткізілді. Жалпы ұзындығы 1,858 шақырым ауыз су құбыры тартылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Аудан әкімімен болған кездесуде ауыл тұрғындары жол мәселесін көтерді. Себебі, Бұлақты көшесінің ішкі жолдары ескіріп, тозығы жеткен жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Сондай-ақ, балаларды мектепке тасымалдауға көлік бөлуді, түнгі жарық қосып беруді сұранып, жаңадан жөнделген жолдың сапасына, ауыл аймағындағы күл-қоқысты тасымалдаушы мекеме жұмысына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Басқосу барысында аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы көтерген мәселелер аудан әкімдігі назарында, өзінің бақылауында екенін, тұрғындардың өтініштері кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты.