115 педогог «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында, 53 педагог «Педагогикалық Шебер Орталығында» өз білімдерін қайта жетілдірген.
Төлеби ауданында тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданы педогогтарының тамыз конференциясы Аудандық Мәдениет үйінде «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында, елімізде орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде өтті. Жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды. Аудан әкімі Төлеген Телғараев білім беру саласындағы оңды жетістікер жөнінде баяндады. Аймақ басшысы Рухани жаңғырудың басты тірегі -ұстаздар, ал, оның іске асырылатын негізгі алаңы – білім беру орындары екендігін атап өтті.
«Білімді адамдарсыз мемлекеттің ең құнды активі – адами капиталы болмайды. Демек, бүгінгі білім беру шығындарын әлеуметтік шығындар деп емес, аса маңызды және болашағы зор инвестициялар деп есептеу керек. Қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы аудандағы білім беру ордаларында қосымша ғимараттардың құрылысы жүріп, күрделі жөндеуден өтті. Педогогтардың жалақысы көтеріліп, материалдық жағдайының жақсаруы ескерусіз қалып отырған жоқ. Балалардың білімді болуы, педагогтар қауымына, олардың кәсіби жауапкершілігі мен ізденгіштігіне байланысты», - деді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.
Биылғы жылы оқу жылының ерекшелігінің бірі ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде дайындалған «Әліппе» және «Букварь» пендерінің қайтарылуы. Төлеби ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Роза Аманова баяндама жасап, өткен оқу жылындағы жетістіктер мен қашықтықтан оқыту ерекшеліктерін хабарлады.
Атап өтсек, биылғы оқу жылында барлық білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта жұмыстарын бастайды. Барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Balabaqha smartnation.kz» автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Осы жүйе арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру секілді мемлекеттік қызметтер жүзеге асырылуда. Бұл жүйе білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға оң септігін тигізуде. Бүгінге дейін 115 педогог «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан, 53 педагог «Педагогикалық Шебер Орталығында» өз білімдерін қайта жетілдірді.
Аудандағы 67 жалпы орта білім беретін, 54 мектепке дейінгі білім беру және 5 мектептен тыс мекемелер «Ашық» қосымшасына қосылған. Жаңа оқу жылына дайындықтың тағы бір басты көрсеткіштерінің бірі – кадрлармен қамтамасыз ету болса, бүгінгі күні кәсіби шыңдалған ұстаздар саны жыл санап арта түсуде. Ауданда жалпы 2843 мұғалім жұмыс істейді. Пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру мақсатында барлығы 788 ұстаз білімін жетілдірді. Қашықтықтан оқыту жүйесін ұстаздар, оқушылар меңгеріп, оны практикада жедел түрде пайдалана білуге дағдыланды. Мұғалімдердің ақпараттық құзыреттіліктерін дамыту үшін педагогтерге өз пәні бойынша білім контентін жасауға көмек беру мақсатында 137 жалпы пәндер бойынша бейнесабақтар түсірілді.
Жиын барысында білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі, оқу-тәрбие саласындағы үздік жетістіктері үшін педогогтар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің, аудан әкімі Төлеген Телғараевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.