Мемлекеттік қызмет көрсету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бір көрсеткіші.
Төлеби ауданында үш айда 8077 мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекеттік қызмет көрсету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бір көрсеткіші болса, оның сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып саналады. Тиісінше, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңін қамтып отыр.
Осы орайда, Түркістан облысы, Төлеби ауданы бойынша биылғы жылдың алғашқы үш айында 8077 қызмет көрсетілген. Оның басым бөлігі, дәлірек айтсақ 3615-і ақпараттық жүйе арқылы электронды түрде орындалған. E-gov, e-license.kz порталдары арқылы 2537 қызмет көрсетілсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы 853 қызметті іске асырған.
Сондай-ақ, аталған саланың жұмысын бақылау жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бекітілген жоспарына сәйкес, аталған кезеңде 4 рет мемлекеттік ішкі бақылау өткізілген.
«Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бойынша мониторинг жүргізіліп, анықталған 8 кемшілік бойынша мемлекеттік қызметшілерге ескерту берілді. Азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді болғандықтан жауапты мамандар ұдайы білімін жетілдіріп, заң бұзушылықтарға жол бермеу, электронды онлайн қызметтердің сапасын көтеру бағытында еңбек етіп келеді», - деп хабарлады бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.