ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

0
740


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

Түлкібас ауданындағы жаңа өндіріс орындарында 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд. теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.


«Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауданда 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды», - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.


Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 89 млрд. теңгені құраса, биыл 6 айда 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артты. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд. теңгеге жетсе, Биыл 6 айда 7,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 20,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.


Түлкібас ауданының брендіне айналған 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар - қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде былтыр 32 мың тонна өнім жиналса, биыл оның көлемі 33 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемін 51 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.


Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүргізілуде.


Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.


Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.


Кездесуде облыс әкіміне Түлкібас ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Түлкібастықтар өңір басшысынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алудың жолдарын сұрады. Мектеп, балабақша, спорт алаңын салып беру, ішкі жолдарды жөндеу, жайылым және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш тапшылығы туралы айтты. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс полигонынан зардап шегіп жатқанын жеткізді.


Облыс әкімі халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, аса қажетті деген салалардың ең бірінші кезекте қаржыландырылатынын атап өтті. Аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асатынын айтып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.


Сондай-ақ облыс әкімі жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Дархан Сатыбалдының халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.