Демеушілер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында кіндік қаны тамған жеріне монумент ортантты.
Түлкібас ауданында «Тұңғыш Президент» саябағының алдынан демеушілер есебінен «Ана мен бала» монументі бой көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Монумент ауданымыздың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Піралиев Жайлау атамыздың балалары мен немерелерінің қаржыландыруымен іске асқан.
Мәдени нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен аналар кеңесінің төрайымы, зиялы қауым мен бұқаралық құрал өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев:
"Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», - деді.
Осы мақсатта бүгін ауданымыздың орталығында ауданымыздың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Піралиев Жайлау атамыздың балалары мен немерелерінің қаржыландыруымен кіндік қаны тамған жеріне татулық пен бейбітшіліктің символы саналатын «Ана мен бала» монументін тұрғызып, жерлестеріне үлкен сый жасап отыр. Ауданның көркейуіне демеушілік жасаған азаматтарға аудан тұрғындары және өз атынан алғысын жеткізді.
Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудан аумағындағы демеушілер есебінен бірқатар киелі жерлер жаңадан жаңғыртылып, елді – мекендерде ескерткіштер бой көтеруде.
Атап айтар болсақ, 2018 жылы Алғабас, Рысқұл ауылдарында Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері, Батыр аналардың есімдері жазылған ескерткіштер ашылса, былтыр өткен ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай, аудан орталығында қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткіші бой көтеріп, Түлкібас станциясында тұңғыш қазақ инжинері Мұхамеджан Тынышбаев пен бала Тұрар Рысқұлов бейнеленген ескерткіш орнатылды.