Бұл нысандарда дәрігер, тіс дәрігері, мейірбике жұмыс атқарады.
Түлкібас ауданында биыл 4 жаңа медициналық тірек пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданында тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында бірнеше елді мекенде жаңа медициналық тіректердің құрылысы жүргізілуде. Аудан әкімі Асқар Естібаев Машат ауылдық округінің Еңбек ауылындағы, Жаскешу ауылдық округінің Жанұзақ ауылындағы, сондай-ақ Майлыкент ауылдық округінің Қараағаш және Майтөбе ауылдарындағы медициналық тіректердің құрылыс барысымен танысты.
Жобаларға сәйкес, Еңбек және Жанұзақ ауылдарындағы медициналық тіректер тәулігіне 15 адамға дейін қабылдай алады. Әр нысанда бір науқасқа арналған күндізгі стационар қарастырылған. Медициналық мекемелер іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал Қараағаш ауылындағы медициналық тірек тәулігіне 25 тұрғынға, Майтөбе ауылындағы медициналық тірек тәулігіне 45 тұрғынға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл нысандарда дәрігер, тіс дәрігері, мейірбике жұмыс атқарады. Сонымен қатар, күндізгі стационарда бір мезетте 4 адам ем қабылдай алады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сәуір айында басталған нысандарды биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аудан басшысы жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жаңа медициналық тіректер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті, вакцинация және басқа да медициналық қызметтерді қолжетімді етуге мүмкіндік береді.


