ТҮРКІСТАН: Түлкібаста тауарлы бетон өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады

0
118

Бұл жерде орта есеппен, жылына 62 млн теңгенің бетоны өндірілуде.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста тауарлы бетон өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады

Түлкібас ауданындағы «Бәйтерек-2030 KZ» ЖШС Қытай елінен тауарлы бетон өндіретін заманауи құрылғы алғызып, өндірісті іске қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында өндірісті дамыту жұмыстары қарқынды. Осы ретте Түлкібас ауданындағы «Бәйтерек-2030 KZ» ЖШС Қытай елінен тауарлы бетон өндіретін заманауи құрылғы алғызып, өндірісті іске қосты. Аталған кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев салаға жауапты мамандарымен арнайы барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.


Бүгінде Жабағылы ауылының маңында кәсіпорынның карьері толық жұмыс істеп тұр. Ол жерге кәсіпкер ірі тасты ұнтақтауға арналған заманауи құрылғыны қойып, жылына 60-70 мың тоннадай бетонға қажетті шикізатты өндіруде. Ал бетон өндірісі Ақбиік ауылында орналасқан. Бұл жерде орта есеппен, жылына 62 млн теңгенің бетоны өндірілуде. Сонымен қатар бұл құрылысқа таптырмас құм, құм аралас тас, майда тас (щебень) өндіріледі.


Аудан басшысы кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тілеп, мемлекеттен қолдау қажет болған жағдайда, көмек беруге дайын екендігін жеткізді.


Айта кетейік, осы уақытқа дейін 25 адам жұмыс істеп келген шағын кәсіпорында тауарлы бетон жүйесі іске қосылғаннан соң, қосымша 10 адамға жаңа жұмыс орны ашылып отыр.


Осы уақытқа дейін ауданда дәл мұндай тауарлы бетон өндіретін кәсіпорын болмаған.


Бұл – құрылыс саласына тың серпін беретін, маңызды өндіріс ошағы. Кәсіпорынның іске қосылуы арқылы жергілікті нарықты сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз ету, логистикалық шығындарды азайту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу сынды бірқатар мәселелер шешімін табады.

Бөлісу